Сенат депутаттары QAZAQ AIR әуекомпаниясының қызметімен танысты

Жақында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Ғалиаскар Сарыбаев пен Амангелді Толамисов QAZAQ AIR отандық әуекомпанияның қызметімен танысты.

Депутаттар ел азаматтарын алаңдататын мәселелерді, оның ішінде әуе билеттерінің бағасы, рейстердің уақтылы орындалуы және өңіраралық маршруттардың кеңеюі туралы бірқатар сұрақтар қойды.

Депутаттардың сұрақтарына жауап бере отырып, әуекомпания басшысы Еркін Наурызбаев 2023 жылы рейстерді уақтылы орындау көрсеткіші 77% құрағанын атап өтті. Ол кідірістердің әуе кемесінің кеш келуі, қолайсыз ауа райы жағдайлары, техникалық және т.б. себептерге байланысты екенін атап айтты.

«QAZAQ AIR әуекомпаниясының басты міндеті – Қазақстанда және көрші мемлекеттердің шекара маңындағы аумақтарындағы әуе қатынасының қолжетімділігін қамтамасыз ету болып табылады. 8 жыл ішінде 3 млн. астам жолаушы тасымалданды, бірегей өңірлік рейстер іске қосылды. Мысалы, Астана-Талдықорған – біздің әуекомпанияның ұшу географиясында үлкен рөл атқаратын тарихи бағыт. 2020 жылы Елордадан Талдықорғанға субсидияланған рейстер іске қосылды. Облыс орталығы мәртебесін алғаннан кейін жолаушылар ағыны айтарлықтай өсті. Субсидиялаудың белгіленген ережелеріне сәйкес аталған бағыттағы ұшулар тұрақты рейстерге ауыстырылды», – деп атап өтті ол.

«Әуекомпания 2023 жылы сертификаттау талаптарына сәйкестігін толық растады және жаңа пайдаланушы сертификатын алды. Ұшу қауіпсіздігін басқару жүйесіне ерекше назар аударылды. QAZAQ AIR Халықаралық азаматтық авиация стандарттарының талаптарына жауап беретін заманауи және қауіпсіз әуекомпания мәртебесін растады», – деді Еркін Наурызбаев.

2023 жыл жетістікке толы болды. QAZAQ AIR бір жыл ішінде 588 мың жолаушыны тасымалдады. Бұл компания тарихындағы ең жоғары көрсеткіш. Әуе кемелерін жүктеме коэффициенті 84% құрады.

«Орта мерзімді перспективада бір үлгідегі флотты ұлғайту жоспарлануда және ұзақ мерзімді перспективада ұшу географиясын кеңейту үшін реактивті флотты тарту мүмкіндігі қарастырылуда», – деп қорытындылады Еркін Наурызбаев.

Депутаттармен кездесу – заңнамалық билік пен елімізде белсенді дамып келе жатқан әуекомпаниялар арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын және Қазақстан Республикасында авиация саласындағы қауіпсіздік, оқыту және саланы одан әрі дамыту басымдықтарын белгіледі.

# # #