QAZAQ AIR Басқарма төрағасының міндетін уақытша атқарушы тағайындалды

2024 жылғы 21 мамырдан бастап «Самұрық-Қазына» АҚ шешіміне сәйкес «QAZAQ AIR» АҚ Басқарма төрағасының міндетін уақытша атқару «QAZAQ AIR» АҚ Басқарма мүшесі – қаржы директоры Әділбек Жұмабайұлы Өмірәлиевке жүктелді.

А. Өмірәлиев 2010 жылдан бастап «Самұрық – Қазына» АҚ-ның активтерді басқару салалық блогында жұмыс істеді және қордың кадрлық резервіне кірді. 2019 жылы ол «QAZAQ AIR» АҚ-ның қаржы директоры – Басқарма мүшесі лауазымына ауысты.

2007-2009 жылдары «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ және «Зерде» Ұлттық инфокоммуникациялық холдингінде жұмыс істеген.

А. Өмірәлиев М. Ломоносов атындағы ММУ қолданбалы математика және информатика мамандығы бойынша білім алып, Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетін бітірген. European University Business School білім ордасында халықаралық бизнес мамандығы бойынша МБА дәрежесін алды, сондай-ақ ол IATA бағдарламасы бойынша Airline Management дипломының иегері.

QAZAQ AIR – IOSA халықаралық қауіпсіздік стандарты бойынша сертификатталған қазақстандық өңірлік авиатасымалдаушы. Әуекомпания IATA халықаралық әуе көлігі қауымдастығының ресми мүшесі болып табылады.

2015 жылы QAZAQ AIR әуекомпаниясы бәсекелестік ортаға беру жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға енгізілді. 2022 жылдан бастап операциялық табыстылыққа қол жеткізгеннен кейін оны жекешелендіру белсенді түрде жүргізіле бастады.

# # #