IQ519 “Ақтөбе-Баку” бағыты бойынша рейсті орындайтын QAZAQ AIR әуекомпаниясының ұшағы Атырау қаласының әуежайына шұғыл қонды. Бортта 37 жолаушысы бар әуе кемесі 5 ақпанда Астана уақыты бойынша сағат 19:21-де (Атырау уақыты бойынша 18:21-де) қонды.
Жоспардан тыс қонудың себебі – шұғыл медициналық көмекке мұқтаж жолаушы болды.
Экипаж дәрігерге дейінгі алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жақын маңдағы әуежайға ұшақты қондыру туралы шешім қабылдады. Әуежайға қонғаннан кейін жолаушыны жедел жәрдем көлігі алып кетіп, білікті медициналық көмек көрсету үшін ауруханаға жатқызды.
Ауруханаға жатқызылған әйелмен бірге бортта ұшқан жолаушының айтуынша, медициналық көмек уақтылы көрсетілген және қазіргі уақытта оның өміріне еш қауіп жоқ.
Авиакомпания экипажы осы рейсте болған кардиолог-дәрігер Гүлшан Мамедоваға көрсеткен көмегі мен кәсібилігі үшін алғыс білдіреді.