15 Қаңтарда QAZAQ AIR әуекомпаниясының өкілдері Астана Медицина Университетінің студенті Бектұрған Дінмұхамедке Қызылорда – Астана №426 рейсінде жолаушының өмірін сақтап қалғаны үшін алғыс білдірді.
Ұшу кезінде науқастанған жолаушыға студент Дінмұхамед Бектұрған және бортсеріктер қажетті медициналық көмекті уақытылы көрсете алды.
Қызылорда – Астана рейсінің командирі Абай Алданазаров әуе сапарларында күтпеген жағдайлар болып тұратынын және экипаждың басты міндеті — жолаушылардың қауіпсіздігін сақтау екенін атап өтті.
«Қызылорда-Астана рейсіндегі жағдай Дінмұхамед сияқты адамдардың кәсібилігі мен жанашырлығы адам өмірін аман сақтап қалатынын көрсетті. Біз отандастарымыздың арасында осындай жас мамандардың бар екенін мақтан тұтамыз», – деді ол.
Бектұрған Дінмұхамед әуекомпанияға қолдау көрсеткені үшін шын жүректен алғысын білдірді:
«Менің көмегім қажет болған кезде мен шетте қала алмадым. Бұл жағдай мен үшін маңызды тәжірибе болды және университетте алған білім мен дайындықтың шынайы өмірде маңызды екенін дәлелдеді. QAZAQ AIR әуекомпаниясына үлкен рақмет».
Іс-шарада Бектұрған Дінмұхамедке әуе кемесінің командирі Абай Алданазаров пен әуекомпанияның техникалық ұшқышы Ғаниден Әбілмажинов әуекомпания атынан тегін әуе билеттері мен алғыс хатты табыс етті.