Ер адам әпкесі ұшаққа кешікпеуі үшін 2,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы елордалық соттың баспасөз қызметі хабарлады.
«Оқиға 1 қазанда орын алған. Ер адам әпкесінен Астана-Талдықорған авиарейсін тіркеуге үлгермегені және оны ұшақ бортына жібермейтіні туралы хабарлама алған соң әуежайға қоңырау шалып, әпкесін ұшаққа жіберуді талап етті. Ол рейсті әдейі кешіктіру үшін бұл ұшақтың миналанғанын хабарлады», – деп хабарлайды сот.
Qazaq Air АҚ басшылығы бұл жағдай QAZAQ AIR әуекомпаниясының рейсін тіркеу кезінде орын алғанын хабарлайды және өз жолаушыларына рейсті кешіктіру мақсатында жалған хабарламаларды тарату қылмыстық жазаланатын әрекет болып табылатынын еске салады. Мұндай қылмыс адресатқа көрінеу жалған мәліметтер жеткізілген сәттен бастап жасалған болып есептеледі.
Терроризм актісі туралы жалған хабарлама таратқаны үшін жаза ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабында көзделеді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қылмыс жасаған адам бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.